Рухани жаңғыру биік мақсаттарға бағытталады

 

    Елбасының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбына жазылған мақаласы  Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетінің ғалымдары арасында  талқыланып, бұрын да қозғалып жүрген көптеген мәселелердің алдағы болашағына қатысты пікірлер айтылды. Бұл мақала ғалымдардың пікірінше, дер кезінде  жарияланып отырған тарихи құжат. Қазіргі жаһандану жағдайында  өзін  белгілі бір этностық топпен теңдестіре қараудың күйзеліске ұшырауы жағдайында елбасының бұл мақаласы әрбір қазақ азаматын толғандыратыны сөзсіз.  Жаһанданудың жағымсыз салдарларынан мезі болған зиялы қауым өкілдері бір серпіліп, ойларында жүрген біраз сұрақтарды ортаға салды.  Үш тілді  қатар үйрену мәселесі көтерілгеннен бері  мемлекеттік тілдің тағдыры қалай болмақ деп уайым жеп жүрген  қоғам қайраткерлері үшін рухани жаңғыру тек тілді ғана емес, сонымен қатар мәдениетті дамытуды көздейтін маңызды құжат болып есептеледі. «Қазақстандық патриотизм», «қазақ патриотизмі» туралы  пікірталастар қоғамдық ғылымдар саласындағы мамандар арасында ешқашан толастаған емес. Елбасының 2012 жылдың желтоқсанында  алғаш рет  «Казахстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси курсы»  жолдауында көтерілген  «Мәңгілік ел»   ұлттық идеясы   жаңа қазақстандық патриотизм туралы ойларға негізделген болса, онда   «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» қазақ халқының  ұлттық санасын оятып, отан сүйгіштік сезімдерін қалыптастыруға бағытталған ұлттық патриотизмге негізделеді   деп   айтсақ қателеспейміз.

Жастар арасында орын алған келеңсіз жағдайлар, қатыгездік, теріс мінез-құлықтар, ата-анасын сыйламау, жас аналардың шектен шыққан әрекеттері, өз баласын саудаға салу – мұның барлығы рухани  күйзелістердің көрінісі. Қоғамдық ғылымдар арқылы насихатталатын дүниетанымдық құндылықтарды керексіз сезіну, нарықтық қоғамның  есепшілдік психологиясына терең бой алдыру, бала бақша, мектеп, оқу орындары  сияқты әлеуметтендіру институттары арқылы жүзеге асырылатын  теориялық, танымдық сипаттағы іс-шараларға көңілдің аз бөлінуі, ұлттық дәстүрлердің рөлінің төмендеуі қоғамдағы моральдық күйзелістердің тереңдеуіне алып келді.  Мақалада қоғамдық ғылымдардың рөлін көтеруге қатысты орынды түрде айтылған ойлар болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді. 2004 жылғы «Мәдени мұра» бағдарламасынан бастау алған  игі істердің, атап айтқанда ұлттық тарихи  мұраларға зор сыйластықпен қарау, оларды дамытуға барынша күш салу —   осылардың барлығы елбасының  мақаласынан соң әрі қарай жалғасын табады деген сенімді қалыптастырады.

Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша әлемдік қордағы үздік 100 оқулықты  қазақ тіліне аудару идеясы өте орынды айтылған ой.  Алайда, бір алаңдататыны осы аталған іс-шаралардың қалай жүзеге асатындығы. Атап айтқанда, аудармалардың сапасы туралы мәселе. Осыған орай қолында билігі бар адамдардың, аудармамен айналысатын сауатты да жауапты мамандарды екшелеп алғаны дұрыс болар еді. Мәдени мұра бағдарламасы бойынша аударылған талай ғылыми дүниелердің  сапасы сын көтермейді. Ондай қателер орын алмаса деген ойлар мазалайды.

Қазақ тілін латын алфавитіне көшіруге қатысты іс-шаралардың осы жылдан бастап қолға алынатындығы қуантады. Бұл қай жағынан алып қарағанда да біздің мемлекетке өте тиімді жоба. Бұл шара қазақ тілінің мәртебесін көтеретіндігіне шүбә келтірмейді. Зиялы қауымның зиялылығы да мемлекеттік тілді, ұлттық мәдениетті құрметтеуінен  көрінеді. Қазақ тілінің ғылыми тілге айналмауы да басқа тілдерден сауатсыз  аударылған дүниелердің көбеюінен,    аудармашыларға қойылатын  ортақ  талаптар, олардың тікелей жауапкершілігіне қатысты құжаттардың қабылданбауынан да болуы әбден мүмкін. Сонымен қатар, басқа тілдерден келген ғылыми терминдердің бәрін ретсіз аудара бермей  сол күйінде қалдырса, қазақ тілі ғылыми тіл ретінде  өз мәнін жоғалтпаған болар еді.

Қоғам – бұл жанды организм. Ол да жеке адам сияқты даму кезеңдерінен тұрады. Қазіргі кезең  қоғам  дамуының индустриалдық кезеңінен постиндустриалдық дамуға бет бұруын бейнелейді. Сондықтан да  уақытқа сай өзгерістердің орын алуы орынды жағдай. Елу жылда ел жаңа деген халық даналығы осының айғағы. Дәстүр мен жаңашылдық  диалектикасы — бұл қоғамның даму заңдылығы. Бұл мәселе  рухани жаңғыруға қатысты елбасының мақаласында айқын көрініс тапқан.

 

 

Әбдікерова Гүлнапис Орынбасар қызы

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, социология ғылымдарының докторы

Написать ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *